Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзі. Бұл тұжырым мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің ертеңгі келешегін айқындаумен қатар оның әлі қоғамдық өміріміздің барлық саласында күнделікті қолданыс құралы бола алмай отырған бүгінгі жағдайын да көрсетеді.
Ежелгі қазақ жерінде тәуелсіздік таңының елең-алаңында, яғни 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болған-ды. 1995 жылы қабылданған Ата заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай айқын жазылып, конституциялық шешім жасалды. Осыдан екі жыл кейін қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тілі» деп тағы да атап көрсетіліп, оны барша азаматтардың еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайлар жасалатындығы айтылған болатын. Үкімет осы Заңның жүзеге асуы жөнінде көптеген қаулы-қарарлар алды. Тілдердің қолданыс аясын кеңейту бағытында арнайы мемлекеттік бағдарламалар жасалды.
Сөйтіп сан жыл теперіш көріп келген ана тілдік кеңістікте қозғалыс басталып, ол қоғамдық өмірде еркін қолдануға бет алды. Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшіріле бастады. Қазақ тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдардың саны арта түсті.
Осындай оң өзгерістермен қатар қазақ тілі қоғамның көптеген салаларында әлі аударма тіл дәрежесінен аса алмай тұр. Оның терең саяси және құқықтық негіздері бар.
Соңғы 300 жылдай уақытта қазақ қоғамы өз алдына толыққанды мемлекет болып, өз билігіне өзі ие бола алмады. Қазақ өркениетті ұлт ретінде қалыптаса алған жоқ. Толып жатқан қиыншылықтар қазақ елінің капитализмді бастан өткермей, феодализмнен социализмге «қарғып» кетуінен, яғни қоғамның табиғи жетілмеуінің де туындады.
Кеңес өкіметі Азамат соғысын аяқтап, бірсыпыра нығайып алғаннан кейін ұлттық мәселелерде кейбір қайшылықты саясат жүргізе бастады. Бұл ұлттық республикаларға әсер етіп, кейде асыра сілтеушілік те болмай қалмады. Қазақ ССР Халық комиссарлар кеңесінің 1921 жылғы 2 ақпанындағы «Республика мемлекеттік органдарында қазақ және орыс тілдерін қолдану туралы» декретінде «республиканың бүкіл орталық және губерниялық мекемелері іс қағаздарын және өзара қарым-қатынасты орыс тілінде жүргізеді» деп жазылды.
Кеңес Одағындағы 30-жылдарғы социализмнің жеңісі ұлттық мүдделер мен сұраныстарды социалистік интернационализм көлеңкесінде қалдырды. Түр мен мазмұнның бірлігі бұзылып, мазмұны социалистік, түрі ұлттық мәдениет насихатталды. 1938 жылғы 5 сәуірде «Қазақ мектептерінде орыс тілін мәжбүрлі оқыту туралы» арнайы қаулы шықты. Бұл шаралар қазақ тілінің қолданыс аясын күрт өзгертуге алып келді. Осындай іс-әрекеттердің салдарынан Қазақстанда 700 қазақ мектебінің жабылды. Аралас мектептер жауыннан кейінгі саңырау құлақтар сияқты қаулап шыға келді.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның қабылданған кезі де елдегі күрделі демографиялық ахуал жағдайымен тура келді. Ол кезде қазақ өз жерінде 40 пайыздан аса қоймаса, орыстар, украиндықтар мен белорустар 7 миллионнан асып, бүкіл халықтың 40 пайызынан жоғары болды. Мұндай фактормен санаспауға болмайтын еді. Өйткені сонау бостандықты жария еткен алғашқы құжат – Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда атап көрсетілгендей, елімізде тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет деп саналған болатын.
Тәуелсіздік жылдары қоғамның саяси-әлеуметтік саласында елеулі өзгерістер жүзеге асты. Нарықтық қатынастар өмірге етене еніп, экономикамыз белгілі деңгейде қалыптасты. Демографиялық жағдай осыдан он жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қазір қазақ ұлтының саны еліміздегі халықтың 63 пайызын құрап отыр. Мемлекеттік тіл баяу болса да, Қазақстанды туған елім, өз жерім дейтін барлық этнос өкілдері мен диаспоралар үшін қажеттілікке айналып келеді.
Алайда осыдан жиырма жыл бұрын мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі әлі іс жүзінде өзінің осы шынайы мәртебесіне толық жете алмай келеді. Қазақ тілінде оқытып, тәрбие беретін мектептер республикадағы жалпы білім беретін 8 мыңдай орта мектептің жартысына да жетпейді. Бұл орта арнаулы және жоғары оқу орындары жүйесінде де әсер етіп отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақ тіліндегі қазіргі көрсеткіші де мемлекет құраушы ұлтты қанағаттандырып отырған жоқ.
Осындай ғасырлар қордаланған аса күрделі қиыншылықтан тек мемлекеттік тіл туралы арнайы заң ғана шығарады деген мақсатпен 2008 жылы Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің бір топ ғалымдары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы» Заң жобасын дайындаған болатынбыз. Ол республикалық «Ана тілі» газетінің 2008 жылғы №14(903) санында басылды. Бірақ бұл Үкіметке жол таба алмай тұр. Атқарушы билік қолданыстағы «Тіл туралы» Заңмен жағдайдан шығуға болады деп есептейді.
Рас, мұндай заң қабылдаудың өзіндік қиындықтары жоқ емес. Бірақ басым көпшіліктің мүддесімен санасу өркениетті елдердің барлығына тән. Ең негізгісі ниет болып жатса, ұсынылған заң жобасын көп болып ақылдасып, қайта-қайта кеңесіп, жан-жақты қарастырып, оңтайлы нұсқаны ойластыруға болар еді. Бұған бүгін маман тілшілер де, тіл саясатының басы-қасында жүрген белгілі азаматтар да, нағыз тіл жанашырлары да, Парламенттегі депутаттардың да білім деңгейі мен рухани қуаты толық жетеді.
Мемлекеттік тіл туралы Заңның қабылдануы қоғамда жаңаша тілдік қатынас туғызып, Қазақстанда тұратын барлық халықтардың топтасуының маңызды факторы ретіндегі оның рөлі арта түсер еді. Кешегі кеңестік елдердің барлығында дерлік қазір мемлекеттік тіл туралы заңдар жұмыс істеуде.
Көптеген тіл мамандарының пікірінше, мемлекеттік тіл туралы арнайы заң қабылданбай бүгінгі қалыптасқан тығырықтан шығу мүмкін емес. Мұндай заң қабылдауға Негізгі заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген қағида құқықтық негіз бола алады.
Сонан соң қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның мақсаты мен тұжырымдамасы бөлек болғаннан кейін ол қоғамда мемлекеттік тілдің еркін дамуына қажетті орта жасай алмады, жасай алмайды. Шындығын айтқанда, Заңда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деген жалғыз ғана 4-бап бар. Қалған баптарда тіпті қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қайшы нормалар аз емес. Заңның «Тілді құқықтық қорғау» деген 23-баптың бірінші бөлігінде «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады» деп айтыла салған. Осы баптың үшінші бөлігіндегі «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген маңызды норманың орындалуы бір министрліктен екіншісіне ауысып жүріп ұмыт болды.
Бұл айтылғандар мемлекеттік мәртебеге ие болған, бірақ ол мәртебесі толыққанды жүзеге аспай отырған қазақ тілінің қазіргі құқықтық аспектілері. Мұның адами, әлеуметтік жағы да жетерлік. Ең бастысы - ұлттық тіл ұлттық сананың, ұлттық намыстың жоғарылығына, оның қажеттілік деңгейіне байланысты екенін де ескермеуге болмайды. Өзін ешкімнен артық та, кем де емес дәрежеде сезіну халқымызға жетпей отыр. Әзір тәуелсіздік рухы баршамызды толыққанды түлете алмай отырғаны шындық. Осы арада бүкіл түркі әлемінің асыл перзенттерінің бірі Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» дегенін де еске сала кетсек, артық болмас.
Сонымен мемлекеттік тілдің тағдыры ұлттық оң болмыстың оянуын қажет етіп отыр. Шынтуайтына келгенде, мәселеге тереңірек үңілсек, істің тетігі, яғни қазақ тілінің тағдыры қазақтың өзінің қолында. Өркениетті елдерде тіл тағдыры көбіне-көп бұқараның белсенділігімен, биліктегі қазақ азаматтарының ұлтжандылық қасиеттерінің биіктігімен шешіледі. Біздің ең басты жолымыз да осы болуға тиісті. Бұған жиырма жылдық жаңа өміріміз де, алдыңғы қатарлы елдердің тарихи тәжірибелері де толық дәлел бола алады.
Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданып, халқымыз тәуелсіздіктің рухани қуатын толық сезінгенде ғана Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деп қойып отырған қазіргі стратегиялық мақсаты күнделікті шындыққа айналар сөзсіз.
Бәкір Әбдіжәлел Қошқарұлы, саяси ғылымдарының докторы, ҚазГЗУ профессоры